Бүгінгі күні Ақмола облысындағы астық қабылдау кәсіпорындары тәулік бойы жұмыс істеп, астық қабылдауда. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде астық жинау жұмыстарын үйлестіру мақсатында облыстық штаб құрылды. Штабтың басты міндеті — астық жинау науқанының барысын үнемі бақылауда ұстау, астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын қадағалау, астықты қабылдау мен кептірудің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.
«Жинау кезеңінде жауған мол жауын-шашын аграрийлерге жаңа өнімді сақтауды мұқият іске асыру қажеттілігін туындатты. Қазіргі уақытта 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары, 1510 ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймалары және жалпы сақтау көлемі 7,2 млн тонна болатын 122 астық кептіргіштері іске қосылған. Бүгінгі күні элеваторларда шамамен 3 млн тонна астық бар. Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері астықтың сақталуына қолдау көрсетуде», — деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
Қосымша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 500 мың тонна астықты сақтау үшін 2,5 мыңнан астам астық қаптарын пайдалануда.
Айта кету керек, 2024 жылы өңірдегі егістік алқабының жалпы ауданы 5,4 миллион гектарды құрады, оның ішінде 4,7 миллион гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 269 мың гектары майлы дақылдар, 421 мың гектары мал азығы дақылдары, 2,4 мың гектары картоп және 1,4 мың гектары көкөніс дақылдарына бөлінген.
Сондай-ақ, облыс аграрийлері минералды тыңайтқыштарды және элиталық тұқымдарды қолдануды едәуір арттырғанын атап өткен жөн. Жинау науқанының қорытындысы бойынша гектарына 14,1 центнерден орташа өнімділікпен 6,6 млн тонна рекордтық астық жиналды. Бұл көрсеткіш аграрлық жұмыстың тиімділігін және егіннің жоғары шығымын растайды.