Ақмола облысында қылмыс деңгейінің, әсіресе ұрлық деректерінің азаюы бойынша тұрақты оң үрдіс байқалуда. Өткен жылы тіркелген ұрлық қылмыстарының саны 13 пайызға төмендеп, шамамен 1 700 деректі құрады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл нәтиже полицияның жүйелі жұмысы, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және алдын алу шараларын күшейтудің арқасында мүмкін болып отыр.
Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Сағындық Жантеміровтің айтуынша, ұрлық қылмыстары өңірдегі жалпы қылмыстардың шамамен 30 пайызын құрайды.
«Бұған пәтер ұрлығы, ұялы телефондарды жымқыру, мал ұрлығы, автокөлік айдап әкету сияқты қылмыстар жатады. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта оң динамика қалыптасты, ұрлық саны азайып келеді», – деді ол.
Қылмыспен күрес Ішкі істер министрлігінің 2002 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламалары аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда бағдарламаның сегізінші кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл жұмысқа полициямен қатар, өзге де мемлекеттік органдар, әсіресе мал ұрлығының алдын алу бағытында белсенді түрде тартылған.
Жалпы көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, қылмыстың маусымдық сипаты әлі де өзекті. Мәселен, мал ұрлығы көбіне мал жайылымда болатын кезеңде және етке сұраныс артатын күзгі-қысқы мезгілде жиі тіркеледі.
«Бұрын қылмыскерлер табынды дала арқылы жүздеген шақырым айдап әкетсе, қазір автокөліктер мен қарда жүретін техникаларды қолданады. Біз де шараларды күшейтіп, блокбекеттер қойып, малдың құжатын және шығу тегін тексереміз», – деп түсіндірді криминалдық полиция басшысы.
Пәтер ұрлығы мен ұялы телефондарды жымқыру, әдетте, «кәсіби» қылмыстық топтар арқылы жасалады. Бұл ретте полиция жұмысы ғана емес, тұрғындардың өз сақтығы да аса маңызды.
«Бейнебақылау камераларын, дабыл жүйелері мен домофондарды орнату қылмыс қаупін едәуір төмендетеді. Алайда көп нәрсе азаматтардың ұқыптылығы мен қырағылығына байланысты, – деді ол.
Қылмыспен күрестегі ең тиімді құралдардың бірі – бейнебақылау жүйелерін кеңінен енгізу. Қазіргі таңда облыс аумағында 68 мыңнан аса бейнекамера жұмыс істейді, оның 20 700-і Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұл кең ауқымды жүйе оқиғаға жедел ден қоюға мүмкіндік беріп, «ізін суытпай» ашылатын қылмыстардың үлесін 60–70 пайызға дейін арттырды.
«Полицияға ертерек жүгіну қылмыстың ашылу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дабыл жүйелері мен камераларды пайдалану, жеке заттарға мұқият болу өте маңызды», – деп түйіндеді Сағындық Жантеміров.
Осылайша, Ақмола облысында ұрлық қылмыстарының азаюы – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – заманауи технологиялар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсібилігі және азаматтардың белсенді қатысуы біріккен, мақсатты әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі.


