Өңірде кене энцефалитіне қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Ауру жұқтыру деректері өте төмен деңгейде тіркеліп, жаппай таралу жағдайлары анықталған жоқ. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Мамандардың айтуынша, кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті вирустық ауру. Оны негізінен иксодты кенелер таратады. Кене шаққаннан кейін ауру белгілері әдетте 7–10 күн ішінде байқалады, ал жасырын кезеңі 21 күнге дейін созылуы мүмкін.
Өткен жылдың эпидемиялық маусымында, яғни сәуір мен қазан аралығында облыс бойынша 800-ден аса адамды кене шаққан. Оның ішінде шамамен 200-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Зертханалық тексерулер нәтижесінде Көкшетау қаласында кене энцефалитінің екі жағдайы расталған. Бұл оқиғалар бақшада жұмыс істеу және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына бару кезінде орын алған.
Зардап шеккендердің басым бөлігі дер кезінде медициналық көмек алып, иммуноглобулин егілген. Дегенмен, кейбір азаматтар кеш жүгіну, қарсы көрсетілімдер немесе өз еркімен бас тарту себепті бұл қорғаныс шарасын алмаған.
Сандықтау ауданы облыс бойынша кене энцефалиті таралу қаупі жоғары аймақ болып саналады. Бұл аумақта жыл сайын арнайы өңдеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті басшы орынбасары.
«Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сыртқы ортадан жиналған 4750 кененің бірде-бірінен вирус анықталған жоқ. Бұл – алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді», – деді Ғалымбек Алин.
Алдын алу жұмыстары облыста жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мамандар табиғатқа шыққанда қорғаныш киім кию, репелленттер қолдану және серуеннен кейін денені мұқият тексеру қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, кене шаққан жағдайда алғашқы 72 сағат ішінде иммуноглобулин егу маңызды.
Қазіргі таңда өңірде вакцина қоры жеткілікті, қосымша жеткізілім де жоспарланған. Биыл 200-ден астам адамға вакцина егу және қайта егу жұмыстары жүргізіледі.
«Ең бастысы – тұрғындардың сақтық шараларын сақтауы. Уақтылы алдын алу – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы», – деп атап өтті Ғалымбек Алин.
Жалпы алғанда, Ақмола облысында кене энцефалитіне қатысты жағдай бақылауда. Мамандар алдағы уақытта да алдын алу шараларын күшейтіп, халықты ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыра бермек.


