Ақмола облысы Полиция департаментінің бірінші орынбасары, полковник Ерлан Ақбаров есірткімен күрес шараларының алғашқы қорытындыларын жариялады. Ол облыс тұрғындары мен БАҚ өкілдеріне арналған брифингте «Қарасора-2025» операциясының барысы мен нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Полковник Ақбаров есірткі қылмыстарымен күресудің қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Есірткі қылмыстарына қарсы күрес біздің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамның дамуына деген жауапкершілігіміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз барлық қажетті шараларды қабылдап, есірткі бизнесін түбегейлі жоюға тырысамыз», деді спикер.
Операцияның мақсаты есірткі өсімдіктерін жою және синтетикалық есірткілерді тарататын қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату. Бір ай ішінде Ақмола облысында 24 есірткі қылмысы тіркеліп, 311 ескерту жасалды.
«Бұл деректер біз үшін маңызды индикатор, бірақ біз өз жұмысымызды одан әрі жақсартып, қылмыстың барлық түрлерін анықтау мен алдын алу бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Ақбаров.
Операция аясында Ақмола облысында 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұлар жастарға арналған спорттық, шығармашылық және құқықтық шаралар.
«Жастар біздің болашағымыз. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие мен ақпарат беру біздің басты міндетіміз. Біз оларды есірткіден қорғауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», деді Ақбаров.
Ақмола облысында «Мен өмірді таңдаймын!» акциясы аясында 700-ден астам адам қатысқан. Бұл шара жастарға есірткімен күрестің маңыздылығын жеткізді. Спорттық жарыстар мен ойындар, лекциялар мен кездесулер арқылы тұрғындарға есірткіге қарсы күреске деген қоғамдық ынтымақтастықты арттыру көзделді. Сондай-ақ, полковник Ерлан Ақбаров осы кезеңде 311 ескерту мен 2 протокол да дайындалғанын айтты.
«Есірткімен күрес бұл тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Біздің басты міндетіміз қылмыскерлерді әшкерелеп, оларды заң бойынша жауапкершілікке тарту», деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар, есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар бойынша, оның ішінде есірткіге қатысты айыптыларға 20-дан астам хаттама толтырылды. Есірткі бизнесімен күрес бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар.
«Карасора-2025» операциясы айдың соңына дейін жалғасады. Полиция департаменті есірткі қылмыстарын жою үшін алдын алу шараларын күшейтіп, жастармен жұмысқа ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Полковник Акбаров атап өткендей, қоғамның әрбір мүшесі есірткімен күреске белсене араласуы қажет, бұл жалпы мемлекеттік және қоғамдық міндет.
«Есірткіге қарсы күресте тек қана заңды шаралар жеткіліксіз. Біздің ең үлкен күшіміз қоғамның толыққанды қолдауында. Біз жастарға тек ақпарат беріп қана қоймай, оларға өмірді таңдауға көмектесеміз. Осы бағытта жүргізілетін жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін береді», деп түйіндеді ол.
Жалпы, есірткімен күреске бағытталған барлық жоспарланған шаралар толығымен жүзеге асырылды. Жастарға арналған ақпараттық-насихаттық жұмыс пен заң бұзушыларды анықтаудың тиімді жүйесі алдағы уақытта да жақсартылатын болады.