Ақмола облысында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бірлескен бастамаларының арқасында жергілікті атқарушы органдардағы 300-ден астам бос жұмыс орны жас мамандармен толықтырылуда. Жастарды даярлау бағдарламалары жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етіп отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесу алаңында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері Ұлттық құрылтайда айқындалған негізгі бағыттарды талқылады. Әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жобаларға басымдық берілді.
Аталған бастамалардың қатарында «Президенттік жастар кадр резерві», «Өңірлік кадр резерві» және «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобалары бар. Бұл бағдарламалар аясында жоғары курс студенттері мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібімен танысып, қолданыстағы заңнама мен этикалық нормаларды меңгереді. Қазіргі таңда өңірдің атқарушы органдарында 300-ден астам бос лауазым бар, олар дайындықтан өткен жас мамандар есебінен толықтырылуда.
«Біз жастарды мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге дайындаймыз, заң талаптары мен қызметке қойылатын шарттарды түсіндіреміз. Бұл кадр тапшылығын жоюмен қатар, басқару сапасын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етеді», – деді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің ресми өкілі Жазира Сейтмағанбетова.
Сонымен қатар өңірде жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы, азаматтық-әлеуметтік және әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтуге бағытталған «Жас ұрпақ» бағдарламалары іске асырылуда. Қазіргі таңда жобаға 1500-ге жуық бала тартылған және бұл бастама еліміздегі үздік жобалардың қатарына енген.
Облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Айым Алтай Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жастардың қоғамдық және кәсіби өмірге белсенді араласуына, біліктілігін арттыруына және басқару органдарында қызмет етуге дайындалуына бағытталған іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.


