Ақмола облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №1 мекемесінде әйел қызметкерлерге арналған ерекше психологиялық тренинг өтті. Іс-шара нейрографика тақырыбына арналды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сабақ барысында қатысушылар арнайы сызықтар мен пішіндерді салу арқылы ой мен эмоциямен жұмыс істеу техникасын меңгерді. Бұл әдіс ішкі күйзелісті бейнелеуге, эмоциялық шиеленісті азайтуға және стрессті төмендетуге көмектеседі.
«Бұл көркем сурет салу емес, мұнда суретшілік қабілет маңызды емес. Нейрографика – мазалайтын ойларды бейнелеу арқылы жаңа шешім табуға және күнделікті күйбеңнен арылуға мүмкіндік береді», – деді мекеменің аға психологы Дана Ерниязова.
Маманның жетекшілігімен қатысушылар бейсаналы сезімдерді көрсететін «нейрографикалық сызықтарды» салуды үйренді.
«Сызықтар бір-бірімен байланысып, өткір бұрыштар жұмсартылды, түстер мен жаңа элементтер қосылды. Осылайша ішкі эмоциялар көзге көрінетін бейнеге айналды. Әр қатысушы өз суретіне жеке мағына берді, бұл процессті әрі шығармашылық, әрі емдік сипатқа ие етті», – деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қымбат Ибраева.
Аға психологтың айтуынша, бұл тренинг әйел қызметкерлер үшін ерекше тәжірибе болды. Сурет салу процесі оларды тыныштандырып, жұмысқа жаңаша көзқараспен қарауға және күнделікті күйзелістен арылуға көмектесті.


