Өткен жылы Ақмола облысына келетін туристер саны айтарлықтай артты. Жыл қорытындысы бойынша өңірге 1,6 миллион адам саяхаттап келген. Көкшетаудың көркем табиғаты, қарағайлы ормандар мен мөлдір көлдерге толы Бурабай аймағы өңірді демалу мен тынығудың ең танымал бағыттарының біріне айналдырып отыр, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Туристер енді бір күндік сапармен шектелмей, табиғат аясында бірнеше күн демалуды жөн көруде. Өткен жылы қонақ үйлер мен демалыс орындарында бір тәуліктен артық тоқтаған адамдар саны 530 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Бұл өңірдің тыныштық пен таза ауаны іздеген жандар үшін қолайлы мекенге айналғанын көрсетеді.
Туристер ағынының көбеюі қонақ үйлер мен демалыс орындарының жұмысына да серпін берді. Соңғы уақытта көрсетілген қызмет көлемі 26,3 млрд теңгені құрап, бір жылда 22 пайызға өсті. Соның нәтижесінде туризм саласы өңір экономикасына нақты үлес қоса бастады.
Өңірге келетін туристердің басым бөлігі – өз еліміздің тұрғындары. Жалпы туристердің шамамен 98 пайызы қазақстандықтар. Олардың негізгі бағыты – орман мен тауы, көлі мен жартасы үйлескен Щучье-Бурабай курорттық аймағы. Өткен жылы бұл өңірге 1,4 миллионнан астам адам келген. Табиғат пен тарих астасқан Бурабай бүгінде еліміздегі туризмді дамытудың басты орталықтарының бірі ретінде айқындалып отыр.
Сонымен қатар, шетелден келетін туристер саны да жыл сайын артып келеді. Соңғы уақытта Ақмола облысына 19,6 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп. Шетелдік қонақтарды Бурабайдың қайталанбас табиғаты, таза ауасы мен ерекше ландшафты тартады. Негізінен туристер Ресей, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерінен келеді.
Туризм саласына салынатын инвестициялар көлемі де өсім көрсетті. Түскен қаражат есебінен жаңа қонақ үйлер салынып, бұрынғы демалыс орындары жаңғыртылды. Бұл туристер үшін жайлы жағдай жасап, өңірдің келбетін жаңарта түсті.
Сонымен қатар, туристерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында инфрақұрылым да жақсарды. Бурабайда жаңа шолу алаңдары мен серуен жолдары ашылып, веложолдар мен автотұрақтар салынды. Астана мен Бурабай арасын жалғайтын жедел электр пойызы іске қосылып, табиғат қойнауына жету бұрынғыдан да жеңілдей түсті.
Жалпы, 2025 жыл Ақмола облысының туризм саласы үшін табысты жыл болды. Табиғаттың сұлулығы мен демалысқа қолайлы мүмкіндіктерді ұштастыра отырып, өңір алдағы жылдары да туристер санын арттырып, Бурабайды еліміздің ең көрікті туристік брендтерінің біріне айналдыруды мақсат етіп отыр.


