Ақмола өңірінде электр желілері жаңартылды. Сондай-ақ, жаңа шамдар орнатылып жатыр. Соның арқасында 30 мыңнан астам тұрғын және туристік аймақтардағы 3 мың абонент электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Өткен жылы «Қоянды Оңтүстік» және «Боровская» қосалқы станциялары іске қосылды. Ал биыл бұл жұмыстар жалғасып жатыр.
Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, басты мақсат – қалалар мен ауыл тұрғындарына жарықты үздіксіз жеткізу.
«Біз желілерді біртіндеп жақсартып келеміз. Халық ешқандай өшірулер мен үзілістерді сезбеуі керек», – деді ол.
Қазір Қараөткел, Қоянды, Қаражар және Ақмола ауылдарында жаңа желілер салынып жатыр. Аршалы ауданының Костомар ауылындағы жұмыстар келесі жылы аяқталмақ. Бұл шамамен 9 мың абонентті қосуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Бурабай ауданындағы Наурызбай батыр және Атамекен ауылдарына биылдың өзінде 9 шақырым жаңа шам орнатылды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше елді мекен жарықтандырылады.
Бұл шаралар көшелердің қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың өмірін ыңғайлы етеді.