Ақмола облысы өңдеуші өнеркәсіп саласының әлеуетін жүйелі түрде арттырып, оны өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдырып келеді. Бұл саладағы үлес жылдан жылға өсіп, облыстың өнеркәсіптік базасын нығайтуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Мұндай ілгерілеу, ең алдымен, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы мен дамуының арқасында мүмкін болып отыр. Тек биылдың өзінде өңірде тоғыз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, бірқатар салалардың дамуына серпін береді. Атап айтқанда, Көкшетауда жарма өндіретін зауыт, Целиноград ауданында алюминий прокатын шығаратын кәсіпорын және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын жаңа цех іске қосылады.
«Биыл өңірде тоғыз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар 500-ден аса жаңа жұмыс орнын құрып, ілеспе салалардың дамуына қуатты серпін береді», — деді облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешев.
Өңірде машина жасау саласын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Мемлекеттік қолдау арқылы комбайндар, тракторлар мен арнайы техникалар өндірісі артып келеді.
Сонымен қатар, сирек кездесетін және стратегиялық маңызды элементтерді өндіру бағыты бойынша да үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Степногор тау-кен химия комбинатында өндірістік қуаттар кеңейтіліп жатыр. Алдағы жылдары шикізат жеткізудің ұлғаюына байланысты өндіріс көлемі айтарлықтай өседі деп күтілуде.
«Ақмола облысы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда үлкен әлеуетке ие. Біздің мақсатымыз – тек өндірісті ұлғайту ғана емес, сонымен қатар, өңір экономикасын ұзақ мерзімді нығайтуға жағдай жасау», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Металлургия саласы өңірдің басты артықшылықтарының бірі болып қала бермек. Ақмола облысы елімізді алтын құрамдас шикізатпен және металдармен тұрақты түрде қамтамасыз етіп, Қазақстанның жетекші өңдеу және өндіру орталығы ретіндегі рөлін нығайтып отыр.
Алдағы кезеңде геологиялық деректерді цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр. Бұл қадам инвестиция тартуға, инновацияларды жедел енгізуге және сала тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы өңдеуші өнеркәсіптегі орнықты өсімді көрсетіп, болашақ жетістіктерге берік негіз қалап келеді. Өңір Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік орталықтарының біріне айналу жолында өз позициясын айтарлықтай күшейтуде.