Ақмола облысында әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірде қарттар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және аз қамтылған отбасыларды қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, жыл сайын қазан айында облыс көлемінде қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі. Бұл бастама қоғамда қамқорлық пен құрмет құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ егде жастағы адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Қазір облыста 131 мыңнан астам зейнеткер, 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам, бір Ұлы Отан соғысының ардагері және 1200-ден астам тыл еңбеккері тұрады. Биылғы айлық аясында 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 81 мың адам әлеуметтік көмек алды. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 910 миллион теңге жұмсалды.
Шолпан Рахматуллинаның айтуынша, 35 мың зейнеткер біржолғы қаржылай көмек алған.
«Сонымен қатар, 1200 зейнеткердің санаторийге бару шығындары өтелді. Көкшетау қаласының 31 мың зейнеткері қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды, ал кейбір азаматтарға отын сатып алуға көмек көрсетілді. Бұл бастамалар облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда»,-деп атап өтті спикер.
Негізгі мақсат – егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Өңірде қазіргі таңда 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың ішінде бірінші топтағы – 3 297, екінші топтағы – 10 649, үшінші топтағы – 12 070 адам, сондай-ақ 3 600-ге жуық бала бар. 1 қарашадағы мәлімет бойынша 13 мыңнан астам адам оңалту құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілген. Бұл қатарға протездік-ортопедиялық көмек, арбалар, есту аппараттары, гигиеналық құралдар және жеке көмекшілер қызметі кіреді.
«Облыста 46 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік, 17-сі жеке ұйым. Осы мақсаттарға 430 миллион теңге бөлінген. Мүгедектігі бар адамдар күніне орай өңір тұрғындарына 300 миллион теңгеден астам біржолғы әлеуметтік төлем жасалған»,-деді басқарма басшысы.
Шолпан Рахматуллина атап өткендей, Ақмола облысында әлеуметтік саясатты дамыту мен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсету — өңір басшылығының басты басымдығы болып қала береді.


