Ауданда әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған жаңа нысанның құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта мердігер ұйым аумақты абаттандыру, электр желілерін тарту және ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері аяқталып, нысанды пайдалануға беру бойынша дайындық жұмыстары басталған, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі белгіленген мерзімдердің сақталуы мен атқарылған жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды. Ол жауапты мамандарға құрылыс қарқынын арттыру, технологиялық процестерді бақылауды күшейту және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Кеңес кезінде жобаның әлеуметтік маңызы да атап өтілді.
«Жаңа тұрғын үй әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарды – көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, жетім балаларды және мемлекеттік қолдауға мұқтаж өзге де топтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан нысанның уақтылы іске қосылуы аудан үшін маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі саналады»,-деді аудан әкімі Дулат Жахин.
Бекітілген жоспарға сәйкес, тұрғын үйді ашу 2026 жылдың ақпан айына жоспарланып отыр. Осы мерзімді сақтау үшін мердігер ұйымға жұмысты күшейтілген режимде жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, тиісті бөлімдерге құрылыс барысына тұрақты мониторинг жүргізіп, барлық қатысушы құрылымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету міндеттелді.


