Қазақстанда 2025 жылы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес жүзеге асады. Санақ БҰҰ ұсынымдарына сай әр он жыл сайын өткізілуі тиіс. Бұл туралы брифинг барысында Расул Ерғалиев Ақмола облысы бойынша Ұлттық статистика бюросының департамент басшысы мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Санақтың негізгі мақсаты – аграрлық сектордағы нақты жағдайды анықтап, ауыл шаруашылығының даму үрдістерін бағалау. Сонымен қатар, бұл шара саладағы құрылымдық өзгерістерді бақылап, экономикалық саясатты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Спикердің аутынша санаққа ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл мен қаладағы жеке қосалқы шаруашылықтар қатысады.
«Санақ екі кезеңмен өтеді: 2025 жылғы 1–30 маусым аралығында қалаларда алдын ала дайындық шеңберінде сұхбат жүргізіледі. 2-кезең- 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында бүкіл облыс аумағында толыққанды санақ өткізіледі. Бұл кезеңде 234 интервьюер планшет арқылы деректер жинайды», деді ол.
Сонымен қатар, 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Онлайн қатысқан респонденттер қайтадан сұралмайды.
Санақ барысында жер көлемі мен егістік алқаптар, мал мен құс саны, ауыл шаруашылығы техникасы, өндірістік нысандар және өнім сақтау құрылыстары жөнінде мәліметтер жиналады.
«Ақмола облысында облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде арнайы комиссиялар құрылып, іс-шаралар жоспары мен медиа-жоспар бекітілді», деп түйіндеді Расул Ерғалиев.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық саясаты мен ауыл өмірінің келешегін айқындайтын маңызды оқиға. Сондықтан да әрбір азаматтың белсенді қатысуы – ортақ табыстың кепілі.