Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті жақсарту жөніндегі жұмысын жалғастырып келеді. Биылғы жылы инспекция 164 кәсіпорынға тексеру жүргізіп, 189 заң бұзушылықты анықтады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Анықталған заң бұзушылықтардың 158 еңбек қатынастарына, ал 28 еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты. Тексеру нәтижесінде жұмыс берушілерге 104 нұсқама берілді.
«Жалақы бойынша берешек мәселесі үнемі бақылауда. Ағымдағы жылы өңірдің 32 кәсіпорнында 153 қызметкер алдындағы берешек анықталды. Инспекцияның араласуы арқылы еңбекақы бойынша берешектің біраз сомасы ішінара өтелді. Алайда, «Бурабай жылу», «Фирма Синегорье» тәрізді компаниялар жұмысшылар алдында берешегін әлі өтеген жоқ. Аталған кәсіпорындар бойынша ұйғарымдар берілді, сондай — ақ айыппұлдар салынды», — деді Уақыт Бейсембаев.
Өндірістегі жазатайым оқиғалар маңызды мәселе болып қала береді. Биыл 52 оқиға тіркелді, оның 13-і өліммен аяқталды. Оқиғалардың себептері қауіпсіздік ережелерін бұзу, жұмысшылардың абайсыздығы және өндіріс процесін жеткіліксіз ұйымдастыру болды. Инспекция жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін 98 семинар өткізе отырып, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша қарқынды жұмысты жалғастыруда.
Еңбек саласын цифрландыру шеңберінде облыста электрондық еңбек шарттары енгізіліп келеді. Бүгінгі таңда 164 мыңнан астам шарт жасасқан 7 910 кәсіпорын тіркелген, бұл жоспарлы көрсеткіштердің 94% -. құрайды.
Сонымен қатар, облыста халықаралық қауіпсіздік стандарттарын, сондай-ақ «нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойылды.
«Ағымдағы жылы еңбек инспекциясының жұмысы қызметкерлердің еңбек құқықтары мен қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешуде оң динамиканы көрсетті. Алайда, осы салалардағы жағдайды жақсарту жөніндегі міндет өзекті болып қала береді және барлық деңгейде одан әрі күш салуды талап етеді», — деп түйіндеді Уақыт Бейсембаев.
ЕСКЕРТУ: Ұсынылып отырған мақала Ақмола облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің меншігі болып саналады. Материалды көшіруге ақпарат көзіне – rsk_aqmola (авторлық құқық иесі) гиперсілтеме жасай отырып рұқсат етіледі.